Site icon Мейірімді қоғам

Елордада асық атудан ашық турнир чемпионы автокөлік жеңіп алды

Турнирдің финалдық кезеңіне 17 облыс, 3 мегаполистегі іріктеудің қорытындысы бойынша,  21 жастан асқан 2 мыңға жуық қатысушының арасынан 1-2 орын алған 40 спортшы ғана жолдама алды.

«Осындай турнирді ұйымдастыру идеясы жарты жыл бұрын есімізге келіп, аймақтарда іріктеу жарыстарын бастап кеттік. Асық ату — көпшіліктің жадында ауыл балаларының күнделікті ойыны ретінде сақталып қалған. Сондықтан оны ұлттық, бұқаралық деңгейге көтеру үшін, автокөлік арқылы қызығушылықты арттырсақ дейміз. Іріктеу кезеңдерінде де жүлдегерлер ақшалай сыйақымен марапатталған болатын. Алдағы жылдары дәстүрге айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Тек 21 жастан асқан ғана емес, жасөспірімдер санатын да қосу жоспарда бар. Себебі, жас буынды қазірден үлкен додаларға дайындай беруіміз керек. Жарыс барысына тоқталатын болсақ, бәсекелестік өте жоғары. 4-5 жыл бойы ел чемпионы атанған, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан жерлестеріміздің өзі жеңіліске ұшырады. Әділ болу үшін, арнайы камера да қойдырдық. Жаңа есімдерді шығарып, оларға мүмкіндік беру — міндетіміз», — деді «Көшпенділердің Асық спорты» халықаралық федерациясының президенті, «Respublica» партиясының Мәжілістегі депутаты Олжас Құспеков.

Қазіргі сәтте «Respublica» партиясының мүшелері тек асық ату ғана емес, тоғызқұмалақ ұлттық спортын да басқарып, дамуына үлес қосып отыр. Ал ашылу салтанаты барысында «Respublica» партиясының фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров партия атынан асық ату федерациясының дамуына 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берді.

Турнир тартысқа толы болып, құралайды көзге атқан мергендер соңғы сәтке дейін жеңіске ұмтылды. Сондай ойынның бірі ширек финалда Шымкент спортшысы, қырғыздардың ұлттық ойыны — «Ордо» ойынынан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынының күміс жүлдегері Әнуарбек Нұржігіт пен Алматы қаласының үздігі Таубай Жұмабектің арасында өтіп, жеңімпаз тек қосымша атыс барысында ғана анықталды. 4:5 есебімен жеңілудің алдында тұрған Нұржігіт Молжігітов дер кезінде жинақталып, 6:5 есебімен басым түсіп кетті.

Жартылай финал да қарсыластардың бітімсіз, шиеленістігімен есте қалды. Әнуарбек Нұржігіт алғашқы ойында «Алаш сақасы» турнирінің күміс жүлдегері Ғарышбек Құлыбектен 2:1 есебімен басым түссе, екінші жұпта алғашқы ірі додаға қатысып жатқан Жетісу облысының спортшысы Қастай Манас соңғы сәтке дейін Нұрлан Жомартқа (Павлодар облысы) қарсылық көрсетті. Алма-кезек басымдықпен өткен кездесу 2:1 есебімен Павлодар облысының пайдасына шешілді.

Ал үшінші орын үшін таласта тәжірибелі Ғарышбек Құлыбек Жетісу облысының өкілін 2 партияда да мерзімінен бұрын ұтып, қола жүлдеге ие болса, финалдық бәсекеде Әнуарбек Нұржігіт асық атудан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы Нұрлан Жомартқа екі партияда да мүмкіндік қалдырмады.

«Өте қуаныштымын. Турнирдегі ең шешуші тұс — ширек финалда өрбіп, Алматы қаласының спортшысынан басым түстім. Сол жеңіс жігер берді. Бұған дейін финалдағы Нұрлан Жомартпен былтыр Шымкенттегі бәсекенінің шешуші ойындарында жолымыз түйісіп, жеңген едім. Барша қолдаған жақындарыма, бапкеріме алғысымды айтамын», — деп «Respublica» ашық турнирінің чемпионы  Әнуарбек Нұржігіт эмоциясымен бөлісті.

Нәтижесінде мыңнан оза шапқан Әнуарбек Нұржігіт JAC темір тұлпарын тізгіндесе, күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 000 000 теңге сыйақы алды. Ал қола жүлдегер Ғарышбек Құлыбек 500 000 теңге сыйақымен марапатталды. Жеңіске деген жігері үшін Жетісу облысының өкілі Қастай Манасқа арнайы кубок берілді.

Айта кету керек, Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылған жарты жылдың ішінде 14 елде тұрақты асық ойнау федерациялары тіркелді. Асық ойнау спорты көшпенділер ойынының тұрақты дисциплинасы болып бекітілді. Нәтижесінде биыл ұлттық құрамамыз Қырғызстанды 2:1 есебімен жеңіп, топ жарған еді. Енді екі жылда бір рет әлем чемпионаты өткізіліп тұратын болады. Алғашқысы биыл елорда төріндегі Aspan спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған 14 елдің өкілдері қатысты.

Exit mobile version