Site icon Мейірімді қоғам

Жүрегіммен таңдаған мамандығым — 30 жылдық тәжірибесі бар ақтөбелік кітапханашы

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Шынар Қошанованың осы ұжымда жұмыс істеп жүргеніне биыл 30 жыл толды. Ол қай кітаптың қай сөреде тұрғанын, мұқабасының түсі қандай екеніне дейін жатқа біледі. Еңбек демалысында жүрген кезде әріптестері хабарласып, іздегенін сұрағанда бірден жөн сілтейтіні де содан. Жұмысын жақсы көретіндіктен, кітапхана ішінде өзін бақытты сезінеді. 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай, тәжірибелі маманмен сұхбат құруды жөн көрдік.

— Кітапқа қызығушылық, мамандыққа адалдық неден басталды?

— Кітапхана саласы маған өте ыстық. Мен 1994 жылы Мәдени-ағарту училищесін аяқтаған соң, 19 жасымда осы кітапханада еңбек етіп бастадым. Содан бері жұмыс орнымды ауыстырмай, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жұмыс жасап келемін. Басшыларымыз «бір жерде 30 жыл тапжылмай жұмыс істеген маманды бірінші рет көріп тұрмыз» деп айтады. Иә, мен сондаймын. Кейбіреуі отбасылық жағдайға байланысты көшіп кетіп, жұмыс ауыстырып жатады. Кейбірі қызметін ауыстырып, басқа салада өз орнын тауып жатады. Мен болсам, бір кітапхана ішіндемін.

Мен өзімді осы жерде бақытты сезінемін, осы мамандықты, кітапханамды қатты жақсы көремін. Жақсы көргенім соншалық, қызметкерлерді ақысыз демалысқа жіберген кездер де болған, сол уақытта да мен кітапханамен бірге болдым. Жалақы алмасам да осы кітапхананың ішінде жүргенді жақсы көрдім. Ал қазір жұмыс уақыты белгілі, өз кестеміз бар. Бірақ мен оған қарамаймын, ерте келіп, қажет болса кеш кетемін. Себебі, бір күн жұмысқа шықпай қалсам бірнәрседен құр қалғандай күй кешемін, шынымен жұмысқа барғанша асығамын. Оқырмандармен жұмыс істеген ұнайды. Олармен сөйлесіп, кітап іздеп, оны ұсыну да маған керемет әсер сыйлайды.

— Туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтыңызшы…

— Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Бегалы ауылында туып-өскенмін. Интернатта жатып оқыдым. 1992 жылы мектеп бітіріп, бірден қалаға келдім. Үйде де, оқуда да кітапханаға барып, кітап оқитын әдетім бар еді. Әлем әдебиеттеріне қызықтым. Сонымен бірге, қазақ классиктерін де оқыдым. Кітап талғамай зор ықыласпен қолыма түскен әр кітапты оқи беретінмін. Мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» мамандығын оқып, осы мекемеде тәжіридебен өттім. Ол кезде бұл кітапхана Ақтөбе қаласы, Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан еді. 1996 жылы «Алақай» қуыршақ театрының ғиматарына көшіп, 2023 жылы С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына облыс әкімдігі және бас демеуші «Самұрық-Қазына» акционерлік компаниялар тобы, «Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңнің бәрінде мен сүйікті жұмыс орнымда болдым, кітапхананың әр қадамы мен өзгерісін өз бойымнан өткіздім.

— 30 жыл — аз уақыт емес. Осы уақытта кітапхананың іші мен сырты қалай өздерді? Оқырмандардың талабынан не айырмашылық байқадыңыз?

— Қазіргі жастар креативті технологияға бейім. Бұрын компьютер болмады, ұялы байланыс жоқ еді. Ол кезде газет-журнал оқыды. Қазір бәрі басқаша, кітапхана да өте жайлы, SMART кеңістік, жаңа компьютерлер мен интерактивті жабдықтар, жылдам интернет, үздік кітап қоры — осының барлығы кез келген пайдаланушыға қолжетімді. Түрлі түске боялған, мазмұнына сай фотосы бар кітаптар да бар. Сөйтіп біз де уақыт талабына сай бейімделіп, әмбебап маман болып шықтық. Бірі классикалық шығарманы жөн көрсе, бірі белгілі бір бағыттағы еңбектерді, енді бірі аниме саласына қызығады. Біз де олардың қалауын орындаймыз.

Ал мектеп мұғалімі, колледж бен университет оқытушылары келсе, салалық кітаптарды іздеп, табамыз. Олардың арасында бұрыннан осы орталықтың келіп жүрген тұрақты оқырманы болса, кейбірі жаңадан қатарға қосылды. Әр адам — бір әлем, мінезі әртүрлі. Бірі ашуға тез бой алдырса, бірі сабырлы. Әр адамның мінезін біліп, келесі келгенде сөйлесу мәнерін түсінеміз. Жастармен қатар ата-әжелеріміз де бар. Бір сөзбен айтқанда әмбебап кітапханашымыз. Сонымен бірге жаңалықтарды да қарап отырамыз. Газет-журналдарды оқимыз. Ірі шаралар, байқаулар өткіземіз. Өзге елдің кітапханасымен байланыс орнатып, Башқұртстан, Татарстан мен Ресей, оның ішінде Орынбор т. б. кітапханалармен онлайн кездесуге жасап, тәжірибе алмасып тұрамыз.

— Адамдар қандай кітап оқып жүр?

— Әр салада қызмет етіп жүрген оқырмандарымыз өз саласы бойынша кітап сұрап келеді. Сұраған мәліметтерін тауып береміз, егер қорда болса электронды нұсқасын да ұсынамыз. Кітапханада бірнеше клуб бар. Айталық, «Зейін» белсенді оқырмандар клубы жұмыс істейді. Осы клуб аясында оқырмандармен бірге бір кітапты оқып, талқылаймыз. Апта сайын әр қызметкер немесе оқырман өзі оқымаған кітап жөнінде толық танысып шығады, дәл солай өзі оқыған кітапты таныстырады, мазмұнын толықтай басқаларға түсіндіріп, жеткізеді. Кітап оқуға уақыт бөле алмай жүрген жастарға бұл клубтың маңызы орасан зор. Осы арқылы да оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығы артады.

— Өзіңіз кітап оқып жүрсіз бе?

— Әрине, кітап оқимын. Өзім газет, журналды да оқимын. Күніне екі сағат уақытымды кітап оқуға арнаймын. Мектеп жасында ең бірінші оқыған кітабым Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» шығармасы болатын. Содан болар, осы бағыттағы кітаптар қатты ұнайды. Классиктерді де жақсы көремін, көркем әдебиет, психология саласын да оқимын.

— Адамның кітапқұмар болуына бірінші оқыған кітабы әсер етеді деп айтуға бола ма?

— Болады. Әсер етеді. Мен Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» кітабынан кейін Дафна Дюморьенің «Ребекка», Гюстав Флобердің «Бовари ханым» кітаптарын оқыдым. Сонымен бірге, қазақ классиктерін де оқимын.

— Қазір балаларға кітап оқыту қиын. Міндеттеп те, алдап та оқытады адамдар. Неге?

— 90-жылдары кітаптар ақ-қара түсті болды. Қазір кітап дизайны керемет. Әрбір кітап ерекше. Мәселен, музыкалы кітаптар да бар. Жан-жануарлар дыбыстайды, түрлі қызықты үн қатады. Сонымен бірге құрастыратын, логикалық сұрақтары бар кітаптарымыз да бар. Меніңше қазіргі кітаптарды оқығың келіп тұрады. Балалар кітапты жақсы оқиды. Бала кітап оқымайды деп кесіп-пішіп айта алмас едім.

— Аударма кітаптар оқыла ма?

— Қазақ тіліне аударылған, жазылған психологиялық, мотивациялық кітаптар көп. Жастар да сол кітаптарды көп оқиды. Бай болудың, кемел адам болудың жолын үйрететін кітаптарға шынымен сұраныс жоғары. Кітапханашылар сайтқа жаңадан келген кітаптарды салып тұрады. Оқырмандарымыз қарап, алады. Кейбірі қолда болса, тапсырыс беріп кетеді. Оқырманға сұраған кітабын тауып беруге тырысамыз. Басқа адам оқып жүрсе, кезекке қоямыз.

— Қазақ классиктерінен кімдерді оқиды?

— «Абай жолын» оқиды. Оның қара сөздерін оқиды. Балалар негізі мектептегі тапсырманы, мұғалімдер берген тізімді әкеліп, сол бойынша кітап оқиды.

— Электронды кітап әлде кәдімгі кітап…

— Өзім кітапты парақтап оқығанды жақсы көремін. Қазіргі кезде сирек кездесетін кітапты, сұранысқа ие кітапты цифрландырамыз. Демек электронды нұсқасы да қолжетімді. Сонымен бірге мұнда 6 ІТ кабинетіміз, балалардың әлеуметтік желіде контент жасау үшін қажетті түсірілім алаңы бар. ІТ залдарында «Көз тартатын қазына» деген атаумен «GG ART» виртуалды өнер клубы жастарға өз қызметін көрсетіп, білім көкжиегін кеңейтуге үлес қосып жатыр. Жетекшісі — Алмас Елеуов. Ол кітапхананың белсенді оқырманы.

Ал тағы бір тұрақты оқырманымыз Мағжан Жұмаев ағылшын тілінен тегін курс ашты. Жыршы Әділбек Сарин жыр үйретеді. Айта берсек, мүмкіндігі мол ортадамыз. Өзімді Сағи Жиенбаев атындағы кітапханада жұмыс жасағаным үшін бақытты сезінемін, мақтан тұтамын. Кітапхананың барлық қорын білемін. Қорда 80 мыңға жуық кітап болса, мен кітапты мұқабасынан-ақ танып отырамын. Бүгін демалып қалсам, «кітапханада не болып» жатыр деп хабарласамын. Бір күнде бірдеңе болып қалатындай күй кешемін.

Оқырман келіп, кітап таппай жатса маған хабарласып сұрайтын да күндер болады. Еңбек демалысында болсам да бәрін түсіндіріп айтамын. Ол — мен үшін қуаныш. Оқырман сұраған кітапты тапса, өзің де қуанасың. Өз мамандығымды осыншалықты бар жүрегіммен сүйемін. Жүрегіммен таңдаған мамандығым. Басқа жерде жұмыс істеймін деп елестете алмаймын. Бір ғана ұжым менде.

— Арманыңыз…
— Армандар көп қой. Бастысы елімізде мәңгілік бейбітшілк болсын! Жасаған әрбір игі ісім бағаланып, еңбегімнің зейнетін көрсем деймін. Оқырман көп болса, біз әрдайым қуаныштымыз. Жарыммен бірге әдемі қарттықты көріп, бауырым бүтін болып, бейбіт елде өмір сүрсем деймін бастысы.

Exit mobile version