Site icon Мейірімді қоғам

Қазақстан астығы мен көкөніске Ресейдің уақытша тыйымының әсері қандай

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Россельхознадзордың Қазақстаннан Ресейге астық, қызанақ, күнбағысты экспорттауды тоқтата тұру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.

«Елімізде карантиндік объектілер бар, соның негізінде Ресей Қазақстаннан жеткізілетін көкөніс, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне уақытша тыйым салды. Бірақ, олардың көбісі қазақстандық өнімдер емес. Мен фитосанитарлық сертификаттарды қарадым, шығарылған жері «Өзбекстан» деп жазылған. Жақында біз Мәскеуде болып, екіжақты кездесулер өткіздік. Онда қазақстандық бұрыш, қызанақ және қауын барын көрдік. Олар Қазақстанға әкелінді, тазартылды және одан әрі қайта экспортталды. Әрине, бұл жерде шешілуі тиіс сұрақтар бар», — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-премьер аталған уақытша тыйымдар Қазақстанның ауыл шаруашылығына соншалықты әсер етпейтінін айтты.

«Иә, тыйымның белгілі деңгейде бизнес саласына, заңды жұмыс істеп отырған кәсіпкерлерге және тауарларды қайта экспорттауға әсері бар. Оның себебін біз қарауымыз керек. Егер фитосанитарлық бақылауда қандай да бір проблема болса, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті тапсырма берілді», — деп толықтырды С.Жұманғарин.

Exit mobile version