Шығыс Қазақстан облысында биыл туберкулезбен ауырғандар саны 3,6 пайыз артып отыр.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша туберкулезге шалдыққандар көбейген. Нақты айтқанда, 225 адам ауырып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсіп отыр.
«Өскемен қаласында және Алтай, Самар, Глубокое, Күршім аудандарында ауырғандар санының көбейгені байқалады. Сондай-ақ облыста балалар арасындағы аурушаңдық та 1,3 есе өсіп кетті. Биыл 12 бала ауырса, былтыр 9 бала бұл сырқатқа шалдыққан болатын», — делінген ақпаратта.
Ал 0 мен 14 жас аралығындағы балалар арасында ауырғандар саны – 7. Оның алтауы Өскемен қаласында, біреуі Ұлан ауданында тіркелген.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде биыл 1370 адамнан қатерлі ісік анықталғаны хабарланған.