Site icon Мейірімді қоғам

Ақтөбе облысында автожолдар құрылысын бақылайтын цифрлық платформа іске қосылды

Ақтөбе облысында өңірдегі автожолдарды жөндеу мен салу жұмыстарын бақылау үшін цифрлық платформа іске қосылды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы Жолдауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі жолдардың жөнделуін бақылау үшін платформа құруды тапсырған еді.

Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып BIRGE PROJECT бірегей электронды бақылау жүйесін таныстырды, ол автожолдарды жөндеу мен салудың барлық процесін бақылауға мүмкіндік береді.

Цифрлық платформаның ерекшеліктері туралы BIRGE салалық кластерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев айтып берді.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Бірыңғай платформаның арқасында жобаны әзірлеуден бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі жөндеу жұмыстарының бүкіл процесін бақылауға болады. Оның ішінде нақты уақыт режимінде нысанның өзіне бармай-ақ, жөндеу жұмыстарының барысын онлайн режімінде көре алады. Яғни мердігер ұйымның республикалық маңызы бар тас жол болсын немесе қаладағы жол бөлігі болсын, жолды қалай жөндеп жатқаны көрсетіледі. Платформада жобаның бюджетімен де танысуға болады», — деп түсіндірді платформаға жауаптылар.

Арман Евниевтің айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларға қоғамдық бақылауды күшейту үшін депутаттар, партиялықтар, қоғам қайраткерлері, белсенділер, БАҚ өкілдері тартылмақ.

«Қазір Ақтөбе облысында бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жолдарды жөндеу және салуға қатысты 112 жоба іске асырылуда. Осы 112 жобаның барлығы жүйеге енгізілген. Платформаға кіріп, жұмыстың қалай жүріп жатқанын рұқсат етілген азаматтар көре алады. Деректерді жүйеге мердігер ұйымның өкілі енгізеді. Платформада сіз мердігердің өзі туралы ақпаратты, оның қазіргі уақытта қанша жоба жүргізіп жатқанын және жұмысты қаншалықты орындайтынын біле аласыз. Әрбір мердігер ұйымның рейтингін бірден қоюға болады», — деді Арман Евниев.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бүгінде жүйеге 2025 жылға жоспарланған жобаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Пайдаланушылар жобаны әзірлеу қай кезеңде іске асырылып жатқанымен танысып, өз пікірлерін білдіре алады. Айта кету керек, цифрлық платформада қазір Ақтөбе облысындағы барлық жобалар туралы мәліметтер көрсетіледі.

Сондай-ақ, онлайн режимінде құрылыс алаңына барып, жұмыстар туралы толығырақ білу мүмкіндігі бар.

«Халық жөндеу жұмыстарының мерзімдері мен сапасына жиі шағымын айтады. Осы жүйенің арқасында біз осындай өтініштерге жедел жауап бере аламыз, мердігерлердің жұмысын бақылай аламыз және жұмыстарды орындаудағы кешігу мен кемшіліктердің алдын аламыз. Цифрлық платформа процесті белсенді бақылауға және жөндеудің әрбір қадамынан хабардар болуға септігін тигізеді», — деген облыс әкімі Асхат Шахаров осы бақылау жүйесінің артықшылықтарын атап өтті.

Exit mobile version