Site icon Мейірімді қоғам

Шыңжаңдық Айман Жеңіснұрқызы дзюдодан Қытай чемпионы атанды – шетелдегі қазақ баспасөзіне шолу

Түрік Мемлекеттері Ұйымына мүше елдер «Turktransplant» жүйесін қалыптастырады — TRT

Фото: trt.net.tr

ТМҰ Денсаулық сақтау министрлерінің 4-ші отырысы Әзербайжанның Шуша қаласында өтті.

Әзербайжан Денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев ұйымдастырған жиынға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Түркия Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоглу, Қырғызстан Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Даврон Сұлтанов және Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ербол Оспанов қатысты.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық басылымның мәліметінше, Мусаев жиында сөйлеген сөзінде ұйымға мүше және бақылаушы елдер арасында біртұтас медициналық ғылыми сала құруды, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді және ортақ медициналық білім беру стандарттарын анықтауды бірлескен қызметтің негізгі бағыты ретінде қарастыратынын айтты.

Кездесуден кейін министрлер ұйым аясында орган мен тіндерді трансплантациялау бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін «Turktransplant» жүйесін құруға қатысты ниет хаттамасына қол қойды.

«Сонымен қатар, ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің денсаулық сақтау министрліктерінің ғылыми-зерттеу институттары арасында онкология, кардиология, офтальмология, педиатрия, травматология және ортопедия салаларындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды», деп түйіндейді TRT.

Шыңжаңдық спортшы Айман Жеңіснұрқызы Қытай чемпионатында алтын медалды еншіледі — Жэньминь жибао

Іле қызы Айман Жеңіснұрқызы дзюдодан ұпай саны бойынша ел чемпионатының алғашқы біріншілігін жеңіп алды.

Қытайдың Ішкі Моңғол автономиялық өлкесі, Чифэн қаласында ұлттық дзюдодан ұпай жинау бойынша өткен жарыста Іле Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданының дзюдошысы Айман Жеңіснұрқызы әйелдер арасында +78 келі салмақта алтын медаль еншіледі. Жас спортшының бұл жеңісі оның жеке күш-қуатының дәлелі ғана емес, Шыңжаң дзюдосының дамып келе жатқанының жарқын үлгісі, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Әйелдер арасындағы +78 келі салмақтағы финалда Айман Чэнду қаласында өткен 31-ші жазғы Универсиада ойындарының чемпионы, тяньцзиндік Цзя Чундимен кездесті. Айман Жеңіснұрқызы жаттықтырушысының жарыс алдында белгілеген жобасы бойынша, күрес техникасын дұрыс игеріп, орайды дәл пайдаланып, икемді де қырағы әрекетімен үлкен басымдылықпен жеңіске қол жеткізді.

Айта кетейік, бұл алтын медаль Айманның биылғы БРИКС-2024 ойындарында дзюдодан +78 келі алтынды жеңіп алғаннан кейін осы санаттағы екінші алтын медалі. Бұл шарада 33 ұлттық құраманың 528 спортшысы 15-ші Ұлттық ойындарға жолдама алу үшін бақ сынасты.

Сианьда қазақстандықтар «дәстүрлі Қытай медицинасы» бойынша білімдерін толықтырды — «Халық газеті»

Фото: kaz.people.cn/

Жақында Сиань дәстүрлі Қытай медицинасының ми аурулары емханасы мен Қазақстан дәстүрлі медицина сарапшыларының қауымдастығы бірлесіп, 2024 жылы дәстүрлі Қытай медицинасының диагностикасы мен емдеу технологиясы бойынша халықаралық оқу курсын бастады. 12 қазақстандық емші дәстүрлі Қытай медицинасын үйрену үшін Шэньси өлкесінің Сиань қаласына келді, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, екі апталық курс тыңдаушылары екі топқа бөлініп оқиды. Оқыту курсы дәстүрлі Қытай медицинасының диагностикалау мен емдеу және сипаттамалық әдістеріне негізделе отырып, жергілікті медицинаның негізгі теориясын, балалар церебралды сал ауруын, психикалық және басқа да жиі кездесетін сырқаттарды дәстүрлі Қытай медицинасы бойынша емдеуді үйретеді. Курс заманауи медицинаны дәстүрлі медицинамен, теориялық оқыту мен клиникалық тағылымдамаларды біріктіре отырып жүргізілмек.

«Сиань дәстүрлі Қытай медицинасы ми аурулары емханасының халықаралық медициналық және инемен емдеу бөлімінде қазақстандық емшілер ерменмен қақтау, лоңқа қою, ине шаншу және басқа да дәстүрлі Қытай медицинасының ұтымды тәсілдерін тікелей үйреніп, жеке тәжірибе жинақтайды. Сол арқылы дәстүрлі Қытай медицинасының әртүрлі емдеу әдістерін меңгереді», деп жазды қытайлық басылым.

Наманганда қауынның 400-ден астам түрі өсіріледі — ӨзА

Фото: uza.uz

Өзбекстанның Наманган облысының «Мингбулоқ», «Чортоқ», «Янгиқурғон», «Чуст» аудандарында дихандар ежелден қауынның 400-ден астам түрін өсіріп келеді. Қашан өнім пісіп жетілгенде, қауын мейрамы өтеді. Бұл дәстүр ұжымдық шаруашылықтың еңбекқорларының қауын-қарбыздан дәм татсын деген мақсатта ұйымдастырылған. Әнші-өнерпаздар ән айтып, баршаны қауын мейрамына шақырған, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» ақпараттық порталы.

«ӨзА»-ның атап өтуінше, қауын мейрамы кеңінен жайқалған бақтар мен құнарлы егістіктерде, сондай-ақ елді мекендердің орталығында дүбірлеп өткен. Мерекелік шара аясында түрлі көрмелер мен жарыстар ұйымдастырылып, халықтың көңілін көтеретін ойын-сауықтар мен серуендер қызу қарқынмен жалғасқан. Мейрам аяқталған соң, келген қонақтарға, жақын туыстарына, сондай-ақ той-думанға қатыса алмаған қариялар мен науқастарға ерекше ықыласпен қауындар тарту етілген.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» басылымында «Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Парламентаралық одақ ассамблеясы Өзбекстанда өтеді» деген ақпарат жариялады.

Фото: uza.uz

Орталық Азия тарихында тұңғыш рет Парламентаралық одақ ассамблеясы Өзбекстанда өтеді.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Женева қаласында өтіп жатқан Парламентаралық одақтың (ПО) 149-ассамблеясында одақ төрайымы Тулия Эксонмен кездесті.

Парламенттің жоғарғы палатасының хабарлауынша, кездесуде Өзбекстанда өтетін 150-ассамблеяның бағдарламасын, іс-шараға қатысты жоспарлар мен жаңа жобаларды талқылады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» ақпараттық порталы.

«Кездесу барысында соңғы жылдардағы елдегі экономикалық даму, әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілдірілуі және адам құқықтарының басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған реформалар Тулия Эксон тарапынан ерекше атап өтілді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Тұрақты даму мақсаттарына қатысты жұмыс және бұл бағытта Өзбекстан парламенті тарапынан атқарылып жатқан шаралар жайында сөз айтылған.

Қазақстанда әйгілі ирандық ақын және мистик Хафиз Ширазиді еске алу рәсімі өтті — ParsToday

Фото: parstoday.ir/

Иранның ұлы ақыны әрі мистикі Қожа Шамсуддин Мұхаммад Хафиз Ширазиді (1325-1390 жж.) еске алу мерейтойына орай Қазақстанда парсы тілі және ирантану факультетінің студенттерінің қатысуымен салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «ParsToday» ақпарат агенттігі.

Қазан айының 20-шы күні Иран күнтізбесінде белгілі ирандық ақын Қожа Шамсуддин Мұхаммад Хафиз Ширазидің атымен тіркеліп, жыл сайын бұл күні түрлі бағдарламалар өткізіледі. Хафиз достарының Қазақстандағы кездесуі Иран Ислам Республикасының мәдени кеңес беру орнында және Қазақстанның Астана қаласындағы Саади қорының өкілдігінде өтті.

ParsТoday агенттігінің мәліметінше, бұл шарада Иранның Саади қорының Қазақстандағы мәдени кеңесшісі және өкілі Әли Акбар Талеби Матин Хафиздің өмірбаянына тоқталып, еңбектерін түсіндірді және оның парсы тілді ирандық ақындардың ең танымал және ең ұлыларының бірі болғанын айтты. Дәдени кеңесші Хафиз шығармаларын назарға ала отырып, оны Иранның ең танымал ақындарының бірі деп атап, ұлы шайырдың шығармалары тек Иранда ғана емес, бүкіл әлемде танымал екенін тілге тиек еткен.

Сондай-ақ, Талеби Матинның айтуынша, Хафиздің өлеңдерінің тақырыбы алуан түрлі және оның өлеңдері дәстүрлі ирандық музыка, бейнелеу өнері және каллиграфияда қолданылады.

Иранның Қазақстандағы мәдениет жөніндегі кеңесшісінің мәліметінше, Хафиздің диуанында 500 сонет, 42 төрттік, бірнеше ода бар және Хафиз өзінің диуанасын 50 жыл бойы жазған.

Exit mobile version