Site icon Мейірімді қоғам

СҮЙІНШІ!!! АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ АҚЖОЛЫН АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІМДІЛІК ЗАҢДЫЛЫҒЫ ҒАНА АШАТЫНЫН ҚАЗАҚ ДАНАЛЫҒЫ ЯҒНИ ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ ДӘЛЕЛДЕДІ, КҮЛЛІ АДАМЗАТҚА ЖҰҒЫСТЫ БОЛСЫН! (Әкім Ысқақ)

Бағалай білсек, бағымызды ашатын жаңалық

 

 Үзбен Құрманбайұлының Адамзаттың ендігі ақ жолын «Мейірімділік заңдылығы» ғана ашатынын дәлелдеген бұл кітаптың орны тіптен бөлек. Бұл жерде мейірімділік заңдылығы деп адамдардың бір-біріне деген қамқорлығын, өзара мейірімділігін, жақсы қатынастарын айтып отырған жоқ. Бүкіл жаратылыс, ғалам, әлем, тірлік иелері, соның ішінде адамзат Жаратушының мейірімділік заңдылығы арқылы жаратылғанын айқындап отыр. Қысқасы,  бір жаратушы бар, ол он сегіз мың ғаламды жаратты. Алланың мейірімі болмаса ғалам да, адамдар да жаратылмас еді. Ал, Алланың мейірімділік заңдылығы болмаса ғалам, әлем орнығып тұра алмас еді, тірлік те болмас еді. Қалай жаратты деген сұраққа өзінің мейірімділік заңдылығы арқылы жаратқанын тайға таңба басқандай дәлелдеген. Жаратушының өзі мейірім, сол мейірімі арқылы бәрін жаратты, ал жаратылысты адам да ғылым да еш уақытта жасаған емес, жасай да алмайтынын қазақ даналығымен пайымдайды. Мейірімділік заңдылығы дегеніміз – теңдесі жоқ күш, құдірет, ғаламды, әлемді жаратып, оларды сәйкестіріп, басқарып тұрған Алланың мұғжизасы. Бұл заңдылықтың шамасы ғаламға да, әлемге де, табиғатқа да, адамға да, ғылымға да жетеді дейді. Теңдесі жоқ дәл осы заңдылық ғана адамзат баласының ақ жолын ашып қана  қоймайды, байлық пен бақытқа жетелейді. Осы заңдылықты ұстанса әлемді қатігездік жайламайды, қырғын соғыс, атыс- шабыс жойылады. Біздің аңсаған еркіндік, тепе-теңдік, әділдік, бүткіл жақсылық тек осы мейірімділік заңдылығы арқылы ғана қолға келетініне көз жеткізген. Мейірімділік заңдылығы Алланың мұғжизасы болғандықтан бұл шексіз ғылым, адамзат баласы танып білген сайын таусылмайтын, еш уақта сарқылмайтын, тек жемісін беріп, күллі адамзатты тірідегі ұжымақ жолына жетелейтін, (қазақ даналығымен айтар болсақ, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» барақат заманға жеткізетін) нақты жол деп көреді.

     Адамзат баласының  99 пайызы бір жаратушы бар екеніне сенеді, сөйте тұра сол жаратушы жаратылысты өзінің мейірімі арқылы жаратқанын танып білмейді. Тіпті бүкіл ғаламды, галактикаларды, жер-әлемді мейірімділік заңдылығы арқылы басқартып тұрғанын түсінбей бүгінге жеттік. Егер Жаратушының мейірімділік заңдылығы болмаса,  миллиондаған планеталар бір-бірімен қақтығысып, жер әлемі баяғыда солардың құрбаны болған болар еді дейді кітап авторы.

   Міне, адамзат баласы  Жаратушысын танып білмегеннен болып, күн өткен сайын үлкен қателікке, азғындыққа ұшырай бастады. Басты кемістік адамдар өздерін құдайдан да артық санап, еш нәрседен именбейтін болды, мұның ақыр соңы қоғамды бей-берекесіздікке жетеледі, адамзат өміріне орасан қауіп төндірді. Осы ауыр жағдайдан шығудың жалғыз ғана жолы бар екенін ұсынған бұл еңбектің болашағы зор болатынына күмәнданудың ешбір қажеті жоқ. Сондықтан адамзат баласы бір жаратушысын танып білулері керек, жаратылысты жаратып, арасынан ұйыстырып, ұштастырып басқарып тұрған ұлы күш – ол мейірімділік заңдылығы екенін түсіне отырып, алдағы уақытта қоғамды да мейірімділік заңдылығы арқылы басқаруды ұсынған бұл еңбек ғылыми жаңалық ретінде бағаланатыны сөзсіз. Адамзат баласының асыл арманы азаматтық қоғам құру екені рас болса, соған жетудің алғашқы қадамы ретінде мейірімділік заңдлығына сүйенген мейірімді қоғамға бет бұруды ұсынып отыр. Егер мейірімділік заңдылығы жолымен жүрсек, арнасын тапқан дария өзен сияқты адамзат баласының да жолы ешбір қиындықсыз ашылады, қазіргідей қыруар шығын шықпайды, керісінше үнемделіп, қоғамда аса ірі байлық пайда болады. Басшылардан, лауазым иелерінен басталған мейірімділік қоғамда адамдар арасындағы мейірімділік қатынасқа айналады. Қоғамдағы мейірімділік қатынас қоғамды түбегейлі тыныштандырады, халқы мен мемлекеті әр кез бірге болып, елін, жерін, отанын, қазынасын халық өздері қорғап сақтайтын болады. Осы сәттен бастап жалпы халықтың жауапкершілігі өседі, әр бір азаматтың жасампаздығы, іскерлігі артып, қылмыс кемінде 50 пайызға азаяды, күштік құрылымдардың іс-қызыметі жеңілдеп, оларыдың штаттары қысқара бастайды. Ең бастысы қоғам бойынша үркінішсіз, қорқынышсыз орта қалыптасып, ұрпақтар алаңсыз өмір сүретінін Жаратушының мейірімділік заңдылығына ұштастыра дәлелдеген автордың еңбегі әлем халқының кәдесіне жарайтыны даусыз. Бүкіл адамзаттың жаратушысы біреу ғана болғандықтан әлем халқы бір мүдде, бір мақсатта болудың пайдасын да ашық әңгімелей отырып, ендігі кезекте дін мен ғылымның өзара ұштастығын жетілдіруді ұсынады. Бүгінгі ғылымның жетістігін қолдай отырып, қоғамдық дамудағы бүгінгі капиталистік қоғам қатынасының, кешегі социалистік қоғамдағы адамдар арасындағы қатынастың озық үлгілеріне сүйенетінімізді, бүгінгі нарық заңдылығы жолын ұстанатынымызды тілге тиек ете отырып, рухани тұрғыда мейірімділік заңдылығын ұстануды дұрыс деп санайды. Адамзат баласы рухани тұрғыда дағдарысқа ұшырамаған жағдайда өзге қиндықтың бәріне төтеп береді дейді Үзбен Құрманбайұлы.

 Адамзат баласы сан ғасыр бойы ойлап таппаған, түйінін тарқата алмаған түйткілдің түйінін тарқаттқан еңбекті жаңалық емес деп айта алмайсыз. Бірақ автор бұл жаңалықты «мен аштым» демейді. Бабаларының даналығына сілтейді. Бергіге келсек, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жаратушысын таныған, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген асыл сөзі арқылы мейірімді дәріптеген Абай атамыздың ұлағатты сөзіне тоқталады.

 Күллі адамзат баласын бақыт, бостандық, теңдікке жеткізетін қоғам құруға неге болмасқа! Автордың ойынша мұның жолы да күрделі емес. Қысқа да, нұсқа айтсақ, ғылым мен білімнің жетістігін дінмен байланыстырып, Алланы мойындау, Алланың мейірімділік заңдылығын ғылыми негізде жүзеге асыру. Сөйтіп бүгінгі қоғамға бағыт беріп, бастап отырған саясатты біртіндеп мейірімділік заңдылығы жолына бұрудың пайдасын анық айқындайды. Бұл еңбекте ол үшін не істеу керектігін автор егжей-тегжейлі баяндайды. Бұл тек қазақ қоғамын өзгертетін жаңалық емес, әлемдегі әрбір халықтың, әрбір мемлекеттің жолын ашатын жаңалық.

Ойланайық ағайын, бақытты өмірдің, теңдік, бостандықтың кілті мейірімде жатқаны анық. Жер пленатысын сүйменмен қозғаудың  тіреу нүктесін Архимед таппаса да, бостандық, теңдік орнататын қоғамның тетігін қоғам қайраткері Үзбен тауыпты. Бұл – бағалай білсек, бағымызды ашатын жаңалық.

 

Әкім Ысқақ,

   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші шақырылған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан композиторлар Одағының, халықаралық Журналистер Одағының мүшесі, 1997 жылдың «Жыл адамы».  «Халықаралық Шыңғысхан Орден»  иегері.

 

Exit mobile version