Site icon Мейірімді қоғам

Құндылық

Мен бала кезімде атамның қолында өстім.  Ауылымызда отыз шақты отбасы бар тұғын.

Атам кезінде сондай тыныш ауылды әдейіге таңдап көшіп барған екен.   

Мен сонда бесінші сыныпқа дейін оқыдым.

Қазір ойлаймын, сол кезде ауылда отыз үй болса, яғни біздің отыз әкеміз, отыз шешеміз болған екен ғой…

Өйткені біз балалар асыр салып ойнап жүрсек, кез-келген ата-ана бізге көз қырын сала жүреді екен.

Түс уақыты болса кез-келген үйдің үлкендері шақырып алып тамақ-шәйін беріп, қарнымызды тойдырып жіберетін.

Сонда деймін-ау,  ешқайсысымыздың ата-анамыз соңымыздан іздеп келмейтін.

Мұхтардың үй жағында жүр екен деп ұзақтан көз салып, немесе бір-бірінен сұрап біліп алады екенде, тірліктерін істей береді.

Таңның атысынан түнде он бір, он екіге дейін ойнап жүре береміз.

Түнде кімнің үйіне бара қалсақ үлкендер ауласынан шығармай жарықтың астында ойнататын. 

Күндіз еркімізбен жіберетін.  Кез-келген үйге қонып та кететінбіз.

Сол кездегі үлкендер тек өзінің баласын ғана емес, барлығын тең көріп, барлығымызға бірдей қарайлап жүреді екенғой.

Ауырып тұрсаң, үйінен дәрі алып шығып береді, немесе үйіне кіргізіп жатқызып қояды, дәрігерге ертіп барады.

Әйтеуір сен қашан сауығып кеткеніңше қасыңда болады.

Кім бірінші байқаса, сол қасыңда жүреді.

Әрине ол кезде әке-шешеңде жетіп келеді.

Сенің балаң, менің балам деп бөліп жармай, бәрін бірдей көретін.

Әлі есімде, әкем жиі қой соятын.  Кемпір-шал етсіз отырмасын деп қой сойып беріп кетеді.

Ет дегенің мол болатын. Біреу келсе үйдегі етті аспай, тағы қой соятын.  Әкемнің малы көп еді.

Қой сойылса барлық үйді міндетті түрде шақырады.

Екі-үш күн сайын біздің үйде қонақ болады.

Сонда атам да, әкем де үйде жалғыз тамақ ішпейтін.    Яғни тек отбасымызбен ғана отырмайтын.

Тамақ піссе сыртқа шығып айналаға қарап тұрады. Жолдан біреу көлігімен өтіп баражатырса, айқайлап шақырып алады.

Ол адам асығыс болсада үйге кіргізіп, тамақ беріп, әңгіме дүкен құрып, шығарып салатын.

Оны барлық адам біліп алған. Қол бұлғап шақырғаннан-ақ тамақ екенін түсініп келебереді.

Кейбіреулер тоқтамай кетіп қалса, ендігі көрген жерде әкем ұрысатын.

Бәрі әкемнен ығысады.

Бірақ бәрі әкемнің әңгімесіне үйір. Тамақ жемеседе әңгімесін тыңдап отыруға ынтық.

Әкем де талай жерге барып, түрлі оқиғаларға куә боп, елмен жақсы араласатын.

Бір кәсібі көкпар жүргізуші еді.    Ұлды бола алмай жүрген кісілер бата көкпар беріп, әкемнен сол көкпарда бата сұрайтын.

Көбісі ұлды боп жататын.    Сол ауыл қазір заман ағымына қарай жоқ боп кетті.

Жұмыссыздықтан жан жаққа көшіп кеттік. Қарттар қайтыс боп, сол ауылда жерленді.

Сондай киелі, ынтымағы күшті, берекелі ауылымды аңсаймын!

Сол кезде сабақты бізге жақсы оқыту барлық үлкендердің мойнында екен ғой.

 Кез келген үлкеннің бірі кезіге қалса сабақ үлгеріміңді, үстіңнің тазалығыңды тексеріп, мән беріп қарайтын.

Кеш батарда ұйықтамау, үйге қарай жүгірмеу, түнде ысқырмау, жаман жерді баспау, тізеңді құшақтап отырмау, табалдырықта тұрмау, суға түкірмеу,  табалдырықта тұрып қол алыспау, (не кіріп, не шығып амандасу керек) ,  т.с.с айта берсек көп.

Осының бәрін үлкендер «жаман болады, ұят болады» деген сөзбен-ақ санамызға сіңдіріп өсірді.

Сол ауылда ойынның түр-түрін ойнадық,  жұмыстың түр-түрін үйрендік.

Асау үйрету, ат ерттеу, арқан есу, қой бағу, оны қырқу, құртау,  сою, жіліктеу,  ем-домын да үйрендік.

Кілем тоқымасақта көріп өстік. Киіз басуға көмектестік.

Төрт түлікті меңгердік.  Ұлттық ойынды ойнадық. Термелерді тыңдап өстік.

Осының бәрін сол кішкентай ғана ауылда, кішкентай бала болсақта, аз ғана уақытта үйреніп, көріп үлгердік.

Сондай ауылды сағынбауға, ұмытуға бола ма?

Адамдарын еске алмай жүруге бола ма? Жоқ!

Қазір сол жандарды көріп қалсақ, туған бауырыңды көргендей қуанасың!

Бұл өмірде адамдар бір-бірімен араласуды ойласа, міндетті түрде бала-шағасын араластыру керек екен!

Сонда олар есейсе де бір-біріне іші жылып, бауыр боп, өзіне тартып тұрады екен.

Араласу, тек үлкендермен қалып қоймау керек.

Иә, сол ауылымда үлкендер кейде ренжісіп қалса, біз балалар олардың ренжіскеніне ренжіп қалатынбыз.

 Олар ұрысқанымен біз дос боп жүре беретін едік.   Ал сол үлкендер ренжіскен адамның баласына жылы қабақ танытып, қалтасына кәмпит салып, басынан сипап қоятын.

Біз ренжіскенмен баларларда кінә жоқ дейді екен ғой…..

Қазақты оқытудың қажеті жоқ. Салт — дәстүрі мен әдет — ғұрпы түгелдей тұнып тұрған білім  (П. Семенов — Тяни — Шанский 1828 — 1914).

 

Құдай бақ пен ырзықтың тағын түрік жұртының төбесіне орнатты. Өлкені (дұшпанға қарсы) қорғаудың күші онға бөлінеді : Оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді. Сараңдық  онға бөлінеді : Оның тоғызы парсыларға, қалғаны өзге ұлттарға берілді Жомарттық  онға бөлінеді, оның тоғызы Судандықтарға, қалғаны өзге адамдарға беріледі. Ар — ұят  онға бөлінеді, оның тоғызы әйелдерге, қалғаны өзге адамдарға беріледі. Көре алмаушылық онға бөлінеді, оның тоғызы арабтарға, қалғаны өзге ұлттарға берілді, Тәкәппарлық онға бөлінеді, оның тоғызы Римдіктерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді (ат — Табари).

Қайырлы таң!!! Әрбір атқан таңыңыз қуаныш пен шаттыққа бөлеп,барлық ісіңізді » Үйірімен үш тоғыз» қылсын! Елді елеңдеткен  дүние дүрмегінде беліңіз бекем,денсаулығыңыз мықты болсын! Тірлік басы Бірлікте -,береке бірлікте болайық,Ағайын!Айғаймен емес біліммен,ақылмен,еңбекпен алда болайық….Құлайын десе тіреп,Сүрініп кетсе сүйеп,бір- бәрімізді қолдап,қорғап жүрейік….Бәріңізге ақ жол тілеймін,тек Алға…..Алла жар болсын!….

Exit mobile version