Алматыда заңсыз жұмыс істеуге келетін шетелдіктер көбейген. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті хабарлады.
Полиция мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Алматыда 14 712 шетел азаматы Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 1 737 шетелдік құқықбұзушы соттың шешімімен елден депортацияланған.
– Алматыға заңсыз жұмыс істеуге көбінесе көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Африка кұрлығы елдерінің азаматтары келеді. Олар кұрылыс, қызмет көрсету, сауда-саттық, тамақтандыру салаларында жұмыс істейді, — деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, өткен жылы Алматыда заңды тұлғаларға шетелден жұмыс күшін тартуға 1 242 квота бөлінсе, биыл 832 бірлік рұқсат берілген.
Ал, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 346 шетел азаматы еңбек етеді.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 267 адам, Өзбекстан – 2 080 адам, Түркия – 946 адам, Үндістан – 885 адам.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз жұмыс істеген африкалықтар ұсталғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматыда шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алған 65 қазақстандыққа айыппұл салынды.