Мейірімді қоғам

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері «Астана Арена» алаңына жиналып жатыр

Санаулы сағаттан соң елордада әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің STRANGER атты жеке концерті басталады.

Қазірдің өзінде «Астана Арена» маңында Димаштың әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері сүйікті әншілерінің концертін тамашалауды асыға күтіп тұр. Олардың арасында «Димаш», «Қазақстан» деп ұрандатып тұрғандар бар.

Жиналғандардың арасынан АҚШ, Түркия, Румыния, Индонезия, Испания, Оңтүстік Африка, Мексика тағы басқа елдерден арнайы келген туристерді байқадық.

Сондай-ақ, өзіміздің Қарағандыдан келген бір топ жанкүйерді әңгімеге тартқан едік.

«Біз 30 шақты адам болып келдік, билетті сатылымға шыға сала алдық. Отандасымызға қолдау білдірейік деп арена алдына ертерек жиналдық», — дейді Димаштың қарағандылық жанкүйері Балқия Рамазанова.

Айта кетейік, бүгін және ертең өтетін бірегей шоуды тамашалауға 50 елден көрермендер келеді деп күтіліп отыр.

Еске салсақ, Димаш Құдайберген V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетті.

Сондай-ақ, Ұлттық музейде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме ашылды.

«Дүние дидарындағы Димаш» көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құндылықтар, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйерлердің сыйлығы қойылған.

Exit mobile version