Мейірімді қоғам

Қазақстан көкпардан Көшпенділер ойынының чемпионы болды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында төрт күн бойы Астананың «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген көкпар ойындары бүгін мәресіне жетті.

Ақтық сында Қырғызстан көкпар командасымен сайысқа түскен қазақстандық шабандоздар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесін қанжығалады.

Қырғыз көкпаршылары күміс жүлдегер атанды.

Айта кетейік, бірінші таймда серкеге талас кезінде екі елдің көкпаршылары қақтығысып қалып, ойын уақытша тоқтаған болатын.

Төрешілердің араласуымен 10 минутқа созылған дау-дамай оң шешімін тауып, ойын қайта жалғасты.

Екінші кезеңде қазақстандық шабандоздар жігерлене шабуылға көшіп, есепті еселеді. Сөйтіп 4:3 есебімен алға шықты.

Алайда, ойынның соңғы секундтарында қырғызстандық көкпаршылар тағы бір салым салып, ойынды теңестіріп, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең нәтижемен аяқталды.

Төрешілер қосымша 10 минут уақыт қосты. Осы шешуші сәтте алғашқы салымды қазақ көкпаршылары салып Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.

Айта кетейік, кеше қазақстандық көкпаршылар Ресейді 18:2 есебімен жеңіп, финалға өткен.

Бұған дейін Kazinform тілшісіне ҚР көкпар құрама командасының аға жаттықтырушысы Омарбек Еркебай шабандоздардың финалдық кездесуге тас-түйін дайын екенін айтқан еді.

Көкпар ойындарына Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия сынды 9 мемлекеттің спортшылары бақ сынады.

Exit mobile version