Психологтардың пайымдауынша, көптеген адамдар 2000 жылдан кейін уақыттың өзгеріп кеткеніндей, ал 2020 жылдан бері тіпті бұрынғыдан да жылдам өтіп жатқандай сезіне бастады. Бұл уақыттың шынымен жеделдегенінен емес, адамның миының өмірді тіркеу тәсілі өзгергенімен байланысты.
Психологияда уақытты сезіну нақты сағат, минут, күндермен емес, жады, өмірдің қайталанбалылығы және эмоциялық жаңашылдық арқылы қалыптасады деп түсіндіріледі. Ми үшін уақыт — белгілі бір естеліктердің тізбегі ретінде «өлшенеді».
Өмірде жаңа тәжірибе, әлеуметтік қарым-қатынас пен эмоциялық өзгерістер көп болған сайын, ми соғұрлым көбірек әрі нақты естеліктер қалыптастырады. Мұндай кезде уақыт ұзақ әрі мазмұнды өткендей сезіледі. Ал 2000 жылдан кейін технологияның қарқынды дамуына байланысты бұл естелік «белгілерінің» саны азая бастады. Қайталанатын цифрлық әдеттер, экранға ұзақ телміріп отыру, қысқа уақыт ішінде шамадан тыс көп ақпарат қабылдау күндердің бір-бірінен айырылуын жойып, жылдардың өте жылдам өтіп жатқандай әсер қалдыруына әкелді.
2020 жылдан кейін бұл құбылыс тіпті күшейе түсті. Карантин, өмір салтының күрт өзгеруі, тұрақты стресс пен эмоциялық әлсіреу мидың естеліктерді тіркеу үдерісін одан әрі бәсеңдетті. Психологиялық зерттеулер стресс пен бірсарынды өмір салты жады мен уақытты сезінуге жауапты гиппокамптың қызметін тежейтінін көрсетеді. Естеліктер ізі азайған сайын, ми уақытты шынайы сезіну қабілетін жоғалтып, ұзақ кезеңдер қысқа уақытта өткендей, кейде тіпті жоғалып кеткендей қабылданады.
Мұның барлығы уақыттың өзі өзгерді дегенді білдірмейді. Бұл — мидың күнделікті өмірді толық сезініп, тіркей алмауының нәтижесі. Жаңашылдық, зейіннің шоғырлануы және эмоциялық қатысу болмаған кезде адам санасы «автоматты» режимге көшеді.
Психологтардың атап өтуінше, уақытты табиғи ырғағымен қайта сезіну үшін өмірде мағыналы тәжірибелер қалыптастыру, шынайы тірі қарым-қатынастар орнату, зейінді саналы түрде шоғырландыру және дәл қазіргі сәтті сезініп үйрену аса маңызды.
