Home ТӘРБИЕ ОТАН-БАБАЛАР АМАНАТЫ

ОТАН-БАБАЛАР АМАНАТЫ

0

Дінімізде бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі. Ол Отаның, Дінің, Ұятың, Жаның және Дүние-мүлкің. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген.

Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүр бабаларымыздың  ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ Отанымызға «Бабалар аманаты» деп қарай білген жөн. Ал аманатқа қиянат жасау исламда үлкен күнәлардың қатарына жатады.

Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері – Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі керек. «Отанды сүю – иманнан» деген кең тараған мағынасы терең, қанатты сөз бар. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді.

Біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан. Қазақстан біреу-ақ. Екі Қазақстан жоқ. Отанды ешкім сатып ала алмайды. Сол себептен де Қазақстан біз үшін өте қымбат. Сондықтан ары тарт та, бері тартқан, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейік. Сол үшін білек сыбана еңбек етейік. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтынын ұмытпайық.

Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Иә, туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Өз ұлтын, елін сүймеген, оған құрмет көрсетпеген адамнан опасыздықтан басқа ешнәрсе күтуге болмайды.

«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Тәу еткен тәуелсіздіктің де отыз жылын еңсеріп қалдық. Бізге қазақтың рухын өзіне қайта қызмет еткізу қажет. Шырқап кеткен прогресс бүкіл ғаламға шеңгел салуда. Адамда бір ғана  ана, бір ғана Отан болады. Менің бір анам бар мені өмірге әкелген, ал Отаным – құтты қоныс, мейірімді мекен етіп отырған Қазақстаным!

Адам бойында бір кесім таза ет бар, ол – жүрек. Егер әрбір азамат сол жүректей таза пейілмен «Отан!» деген қасиетті сөздің мағынасын жан дүниесімен, адал ниетімен, кең пейілімен ұғына білсе, әрине, тілді де, салтты да, дәстүрді де өз бетімен-ақ үйреніп, сүйіп, құрметтеп, қастерлеп өтеді. Елге адал болу керек, ал адалдық адамды еш уақытта адастырмайды. Мемлекет өзіне тиесілі міндетті атқарып, тегіміз бөлек болса да, теңдігімізді бірдей ұстап тұр. Бірақ ұлттық тәрбиеге келгенде кемшін тұстарымыз жетерлік.

«Отан отбасынан басталады» демекші, Отанды сүю ата-ананың тәрбиесінен, сүйіспеншілік бесіктен пайда болады. Ұлттық тәрбие, ұлттық рух – адами асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен, бесіктің бал жырымен дариды. Ендеше бүгінгі  жас өрен:

  1. Сен Ұлы Қазақ елінің ұрпағысың. Ұлы Дала өркениетінің мақтанашысың. Соны асқақтатып әрқашан құрметтей біл.
  2. Мәңгілік Қазақ елі тарихын, мәдениетін, әдебиетін жетік меңгер, санаңа сіңір.
  3. Қазақстан, қазақ халқына өзіңнің барлық күш жігеріңді жұмса, ол үшін құдай берген талантыңды, еңбегіңді аяма.
  4. Өз еліңнің тілін, әдет-ғұрпын, дінін сақта, ол сенің руханиятың, басқа ұлтқа жұтылып кетпеудің берік кепілі.
  5. Сенің бай тілің, бай жерің бар. Бұларды қасық қаның қалғанша қорғау сенің қасиетті борышың.
  6. Қазақ мүддесін, ру, жүз жершілдік сияқты мүдделердің бәрінен жоғары қой, сен тек қана өз ұлтыңа қажетсің, ұлтың тек саған ғана қажет.
  7. Қазақ халқын шамаң келгенше дүние жүзіне ғылым, өнер, спорт салаларында асқақтат. Бұл — мылтықсыз майданда, жаһандану кезінде баға жетпейтін жетістік.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version