Home МЕЙІРІМ ШЫНАЙЫ НИЕТ ЕШҚАШАН АҚЫ ТІЛЕМЕЙДІ…

ШЫНАЙЫ НИЕТ ЕШҚАШАН АҚЫ ТІЛЕМЕЙДІ…

0

Он бір жыл бойы Алабама штатындағы (АҚШ) бір шағын дәріханаға рецептімен жазылған дәрісінің ақысын төлей алмайтын адамдар келіп жүрді…

Әр жолы фармацевт оларға бір ғана сөзді қайталайтын:
«Біреу сіз үшін әлдеқашан төлеп қойған».

2023 жылға дейін дәрі ақысын кім төлеп жүргенін ешкім білмеді…

ХОДИ ЧИЛДРЕСС — Жералдин қаласында тұратын, 78 жастағы қарапайым диқан еді. Ол ешқашан атақ-даңқ іздеген адам болмаған.

2012 жылы ол Geraldine Drugs дәріханасының кассасына келіп, бүктелген жүз долларлық ақшаны ұсынып:

«Мұны дәрінің ақысын төлей алмай жүрген адамдарға пайдаланыңыз», дейді.

Оның бір ғана шарты болды: аты-жөні құпия сақталуы керек.

Ай сайын ол дәл солай үнсіз ғана келіп, қайырымдылық жасап кетіп отырған. Осылайша он жылдан астам уақытқа созылған бір үлкен құпия пайда болды.

Көмек алған отбасылар ақшаның қайдан келгенін ешқашан білмеді.

Антибиотик алуға келген ана, жүрек дәрісін алуға келген қарт адам…

Қаржылық қиындыққа бір қадам ғана қалған жандардың иығындағы ауыр жүктің бір сәтте жеңілдеп кеткенін ғана сезді.

Фармацевт бұл құпияның сақтаушысына айналды. Ал жақсылық жасаған адам бәрінің көз алдында жүргенімен, өзін жасырын ұстай берді.

2023 жылы Чилдресс қайтыс болғанда, оның отбасы бұл шындықты алғаш рет жария етті.

Сол кезде қаланың әр бұрышынан естеліктер айтыла бастады. Көршілері көп жылдан бері танып жүрген қарапайым фермердің олардың «үнсіз қорғаушысы» болғанын енді ғана түсінді.

Ол артында өз атымен аталған қор да, ескерткіш те, тақта да қалдырған жоқ.

Тек бір нәрсені ғана қалдырды: оларды ешқандай атақсыз-ақ жақсы көрген бір адамның болғанын.

Ходи Чилдресс шынайы жомарттық деген атақ күтпей, көмекке мұқтаж адамға жету екенін дәлелдеп кетті.

Он бір жыл бойы ол марапатты емес, мейірімділікті таңдады. Сол арқылы бұл дүниеге ең қажет адамдардың біріне айналды.

Оның аты тасқа қашалып жазылмаса да, сол дәріханадан «мен ала алмаймын» деп ойлаған дәрісін қолына ұстап шыққан әр адамның жүрегінде мәңгі сақталып қалды.

Аудардым: Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version