Жалғанда жалғыздық жаман екен. Ертелі-кеш тыным болмайтын телефондар caп тыйылды. Күні кеше ғана құрдай жорғалап, алдыңнан қия өтпей, қисынсыз жерден қиялай келіп сәлем беруге құштар «әріптестерім», мені пір тұтып, ұстаз санаған қайран «шәкіртсымақтарым» біздің үйді айналып өтетінді шығарды. Тіпті базбіреулері аттанға ұран қосып, онсыз да лап еткелі тұрған шаланы үрлеуге асықты.
Ондайда ой жүйрік. Сан-саққа алып қаша береді. Жанның тәттілігіне емес, жылдар бойы мысқылдап жиған абыройдың шынымен-ақ батпандап шығып бара жатқандығы жанға батады екен. Әлгі бір аңызда айтылатын жәйт еске оралады. Мархабаты мол патша ашу үстінде өзінің қарамағындағы қызметкерлерінің бірін жазықсыздан-жазықсыз өлім жазасына бұйырыпты дейді. Бір күнгі жарық дүние кімге болса да қымбат қой. Соны қимай бара жатқан әлгі пақыр:
– Әй, патша, менің айыбым менің ғұмырыммен бітеді. Ал, сенің айыбың мен өлген соң басталса керек, – депті. Патша сөзден жығылып, құлына кешірім жасаған екен. Сол айтқандай, менің айыбым басталатындай кімге қиянат жасап, кімді жылатқандай едім дегенді ойлаумен болдым. «Апыр-ай», – деймін өзіммен өзім оңаша қалған тұста, – ашық айтсам да ашынып, ауыр айтпаушы едім. Ақыл тезін алға салғандай күн кештім-ау деп жүргенде, бұл қалай? Досы жоқпен сырласып, досы көппен сыйластым деп жүргенім бекер болғаны ма? Мен алтын басты азаматтармен үзеңгілесіп, үлкен іс тындырып жүрдім десем, қара бастың қамын кешкен кеудемсоқ пенделердің ортасында өзімді өзім алдап, арбауға түскен екенмін ғой. Жарқылдағанның бәрі алтын емес екендігін, жалпақтағанның бәрі жанашыр еместігін ажырата білетін сияқты едім. Сонда біреудің көз алдындағы сабанын көріп, өз көзімнің алдындағы дөңбекті көрмегенім бе? Мейлі ғой, кіл жақсыны жинау жоқ, көп ішінде, күріш арқасында су ішіп жүрген күрмек болмай тұрмас. Уа, шіркін! Абай жарықтық:
Жаман дос – көлеңке,
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың.
Басыңды бұлт шалса,
Іздеп таба алмайсың, – деп тап басып айтқан екен ғой. Мейлі, пәлесі жұғар деген пенделік шығар. Оған өкінбен!
«Ақиқаттан аттауға болмайды» Қонаев Д. А.
