1.Уақытты бос өткізетін сериал, шоу, ойын-сауық бағдарламаларын көруден тыйылған жөн. Олар жүректі қатайтып, оразаның рухани әсерін әлсіретуі мүмкін.
2.Кешкілік көше кезіп, ойын-сауық қуып, бос әңгіме айтып уақыт өткізбеңіздер.
3.Уақытты пайдасыз ойындарға жұмсамай, сол сәтті отбасыңызбен бірге өткізген әлдеқайда берекелі.
4.Дастарханды суретке түсіріп, жария қылып мақтанудан сақ болыңыздар. Ысырап пен көзге түсу – мұсылманға жараспас іс.
5.Өсек-аяң, ғайбат, бос сөз айтылатын отырыстардан бойды аулақ ұстаңыздар.
6.Телефон мен әлеуметтік желіні орынсыз пайдалану – оразаға үлкен зиян. Егер өзіңізді тежей алмасаңыз, оны шетке қойған дұрыс.
⸻
Сондай-ақ мына амалдарға ден қойыңыздар:
- Құранды ықыласпен оқып, намазды қаза қылмай, тіл-көзіңізді жаман сөзден сақтаңыздар.
- Ағайын-туысты аралап, үлкеннің батасын алып, кішіге ізет көрсетіңіздер.
- Ауызашар дастарханыңыздан көрші-қолаңға, мұқтаж жандарға үлес беріңіздер. Бұл – берекенің кілті.
- Балаларыңызбен бірге отырып әңгімелесіп, ойнап-күліп, шаңырақтың жылуын арттырыңыздар.
- Жұбайыңызға ас қамында қолғабыс етіңіздер. Ынтымақ бар жерде ырыс бар.
- Әкелерге аманат: аштықтың қиындығын сабырмен көтеріп, ашуыңызды отбасыңыздан шығармаңыз. Рамазан – сабыр мен мейірім айы.
- Жұбайыңызға жылы сөз айтып, еңбегін бағалаңыз. Бір ауыз алғыс – жүрекке қуат.
Рамазан айы құтты болсын! Әр шаңыраққа береке мен мейірім нәсіп етсін
