Германиядағы ең танымал кондитерлік дүкендердің біріне иелік ететін Ангел есімді еврей кісі өзінің тірі жүруінің таңғажайып тарихын жиі айтып, бөліседі-ді…
«Менің өлімнен қалай тірі қалғанымды білесің бе? Қалайша десең, бұл менің он жасымда Холокост кезінде болған оқиға еді. Фашистер бізді Auschwitz түрмесіне мұздай суық пойыз вагонына тиеп апарған болатын…
Бізде жеп-ішетін тамақ та, жататын орын да, ештеңе де жоқ. Жылынатын ешбір мүмкіндік жоқ. Түнде адам төзгісіз суық, барлық жер түгелдей қар жамылған. Суық жел терімізді сыпырып алардай, бәріміз дір-дір етеміз.
Сол қорқынышты пойыздарда біз жүздеген адам тиеліп бара жаттық. Менің қасымда біздің ауылдың бәрі жақсы көретін қарт адамы болды. Ол қатты тоңып дірілдеп, өте әлсіз болып көрінді.Мен оны жылытуға тырысып құшақтадым. Мен оны қатты құшақтап, қолын, аяғын, беті мен мойнын ысқылап, шыдауын өтіндім. Мен өзім де тоңып, шаршағанымды сезсем де, оны жылыту үшін денесіне массаж жасай бердім.
Сол түн бас-аяғы жоқ шексіз ұзақ болғандай көрінді. Ақыры таң атып, күн көтерілді. Пойыздағы басқа барлық адам түгелімен үсіп өліп қалыпты. Жым-жырт, қатып қалған адамдардың сірескен мәйіттері. Шынымен қорқынышты…
Екі адам ғана тірі қалған екен. Бірі әлгі қария, екіншісі мен. Мен жылытып отырғандықтан ол аман қалды, ал оны жылыту үшін көп жұмыс істегендіктен мен аман қалдым.
Бұл оқиға маған өмір туралы маңызды сабақ берген еді!
Сен біреудің жанын жылытқанда, өз жаныңды қоса жылытасың. Өзгелерді қолдау, жігерлендіру және оларға қамқорлық жасау арқылы сен өз өміріңе де күш-қуат пен қолдау аласың…»
Аударған Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ