— Кеңес Одағының қабырғасын қақыратқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков тірі жүрсе, биыл қырықтың қырқасына шығып, нағыз толысқан жігіт ағасы атанар еді. Тағдыр жас жігіттің пешенесіне бар болғаны жиырма бір жыл өмір сүру жазғанымен, мәңгілік ғұмыр сыйлапты. Бүгінде ол дүниеден өткен Семей қаласындағы зиратының басына арнайы белгі тұрғызылып, ел тағзым ететін ескерткіш қойылып, Комсомол кентіндегі нөмірі отыз үшінші қазақ мектебіне, қаланың орталық көшесінің біріне есімі берілген.
Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайраттың Семей қаласына келгені өте құпия ұсталды. Алаш азаматтары ақиқатты тек, ол өмірден өткен соң ғана естіді. Бұл «қазақ ұлтшылдығы» жоққа шығарылып, демократияның жылымық жылуы сезіле бастаған шақ болатын. Бірақ Қайраттың әкесі Ноғайбай ақсақал Семейге бірнеше рет келіп, абақты басшыларынан, ішкі істер басқармасының бастығы, прокуратурадан баласының қайда жерленгені жөнінде еш ақпарат ала алмады. Амалы таусылған азамат жер-жерде қазақ мүддесінің жоқтаушысы рөлінде таныла бастаған жергілікті «Қазақ тілі» қоғамына барады.
«Әбден қажып, барар жер, басар тауы қалмаған азамат көзінен жасы аға отырып, барлық көрген қиындығын айтып, тым болмаса баласының қабірін тауып алсам деген ниетін айтты. Адамның көз жасын көру, қайғысына ортақтаспау – мен үшін жат дүние, осының бәріне кінәлі адамдай қысылдым, – дейді он сегіз жыл бұрын Қайраттың әкесі Ноғайбай ақсақалды жолықтырған Аман Исабекұлы. Бұл іске тек жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы араласқаннан кейін ғана тоң жібіп, сең қозғалды. Тас қабырға демесеңіз, түрменің де көзі мен құлағы бар.
Ешкім білмесін деп артында сұрауы жоқ жандай, нөмірленіп қара жерге жасырылған азамат жайлы алғашқы мәлімет табылды. Бастамашыл топқа Аман Исабекұлының жақсы танысы, сол жылдардағы тергеу изоляторының саяси істер жөніндегі орынбасары Сайлау Қасымханов көмектеседі. С. Қасымхановтың айтуына қарағанда, арнаулы орындардан зираттың қайда екенін ешкімге айтпау жөнінде нұсқау болған. Сондықтан оны жерлеуге түрме қызметкері Шмидт басқарған ұлты қазақ емес екі-үш адам қатысыпты. Көп ұзамай Қайраттың қайда жерленгенін нақтылы білетін жалғыз жан – Шмидт табылып, байланысқа шығарудың реті келеді.
Ол ақпаратты телефонсыз, тек оңаша жерде ғана айтуға келіседі. Түрме қызметкерінің сөзіне қарағанда, Рысқұлбеков нөмірсіз, қаланың Знаменка тас жолы деп аталатын мұсылман зиратының бір шетіне жерленген, бұл жөнінде жоғары жақтан ерекше тапсырма беріліпті. «Қайратты өз қолымен жерлеген Шмидтке тағы да үлкен өтініш жасап, оның зиратын көрсетуді сұрадым» дейді Аман Исабекұлы. «Шын мәнінде, ешқандай белгісі жоқ елеусіздеу жерленген жерді түрме қызметкерінен басқа біреудің білуі мүмкін емес еді. Ол «іздеген адамдарың мына жерде жатыр» деп кішкентай шұңқырды көрсеткенде, таң қалдым» дейді Қайраттың қабірін алғаш көрген Аман аға.
«Әдетте жерленген адамның үстіне топырақ үйіліп жататын. Мен сенімсіздік таныттым. Бізбен ілесіп барған Сайлау Қасымханов болса, «Абеке, оны ешкім таппасын деп, әдейі осылай жерлеген. Байқайсыз ба, жер қазылып, мәйіт қойылған соң, үстіне жұқа тақтай ғана жабылған. Кейін тақтай шіріп, топырақ ішке құлаған» – деді. Шмидт оны растады. Бірақ «бұл жерді мен сізге көрсеткен жоқпын. Мен айтты деп ешкімге айтпаңыз» деп қатты тапсырды.
Айналасында кірпіш қаланған зираттар ортасындағы аядай шұңқырға байыптап қарасам, шын мәнінде, кісі жерленген жер екен. Кезінде қабірдің ішінен шыққан топырақты да қайтадан дұрыстап үймегендіктен, қабірдің айналасында дөмпек-дөмпек болып қалып қойыпты.
Әлгілерді дұрыстап, қабірдің үстіне үйіп, айналасын кірпішпен қоршап кеттік. Кейін Семейдің іскер азаматтарының көмегімен қоршап, мрамордан тас қойып, оған «әкімшілдік-әміршілдік заманның құрбаны Қайрат Рысқұлбеков» және марқұмның «Еркек тоқты – құрбандық, атам десең атыңдар» деген бір шумақ өлеңі жазылды дейді Қайраттың зиратын табуға ат салысқан азамат Аман ағамыз. Зират тұрғызылып, басына арнайы белгі қойылған соң, Семейдегі қала әкімшілігі қолдау танытып, Қайраттың ата-анасына хабар беріледі. Бұл кезде Желтоқсан оқиғасының болғанына үш-төрт жыл өтіп кеткен еді. Жамбылдан Қайраттың ата-анасы, ағайын-туғаны, барлығы он бес адам келеді.
Олардың келуіне байланысты зират басында митинг өткізу жоспарланады. Батырдың аруағын құрмет тұтқан Семей жастары арнайы шақырылған автобустарға отырмай, көк байрағын желбіретіп, зират басына жаяу аттанады. Қорлық пен намыстан, баласына деген сағыныштан шерменде болған ананың аңыраған зарлы жоқтауы, сол күні зират басына жиналған мыңдаған семейліктің әлі құлағында … Бұл батырдың аруағы бір аунап түскен күн болды. Күні бүгінге дейін Семей жұртшылығы қазақтың батыр ұлына тағзым етіп келеді.
«Менің Қайратым…» немесе батырдың ескерткішін анасы қалай бағалады?
Жыл сайын семейліктер он жетінші желтоқсан – Жаңғыру күні Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының Достық үйі алдына Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішінің жанына жиналып, митинг өткізуді дәстүрге айналдырған. Оған қаланың мыңдаған жастары қатысады.
Қайраттың өр тұлғасы, оны көтеріп тұрған мәрмәр тасқа қашалып жазылған қаһармандыққа толы өлең өрім, жүректі еріксіз тебірентіп, намысыңды қайрайды. Батырдың қайталанбас тұлғасын, бар болмысын, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың мәнін танытатын мазмұны терең ескерткішті осыдан төрт жыл бұрын талантты мүсінші, Қазақстан Мүсіншілер одағының мүшесі Мұратбек Жанболатов дүниеге әкелді.
Осыған дейін өзге жұмыстарын айтпағанда Шәкәрім қажының еліміздегі тұңғыш, әрі жалғыз, сұлу да, ойлы мүсінінің авторы ретінде танымал Мұратбек ағамызға Қайраттың ескерткішін жасау тапсырылғанда іштей толғаныста жүргенін айтқан еді. Өкінішке қарай, талантты жанның ғұмыры қысқа болды, таяуда Мұртбек ағамыз зайыбы және інісімен көлік апатынан қаза тапты. Өзі туралы айтуға өте сараң, болмысы қарапайым мүсінші осыдан дәл бір ай бұрын Қайраттың ескерткіші қалай дүниеге келгені жайлы үлкен тебіреніспен сыр шерткен еді.
Қайраттың зиратындағы мәрмәр тасқа бейнесі түскеннен бастап, образын қалай жасасам деген ой оның санасын босатпаған. Мүсінші әр жылдары баласының Семейдегі зиратына зиярат етіп келген анасын сырттай бақылаған, бірде жанына барып Қайраттың ескерткішін жасау ойында бар екенін айтқан. Дәметкен шешеміз мұндай ұсыныстардың талайын естіп, жобаларды да көрсе керек. «Қарағым, қалай болғанда да балам өзіне ұқсасын» деген лебізін білдіреді. «Мен Қайраттың анасынан айнымайтын кішкентай суретін жан қалтамнан тастамадым, образын өлеңдерінен іздедім.
Қаланың сол кездегі әкімі тарапынан ұсыныс түскенде, болашақ ескерткіштің эскизі дайын болатын» дейді мүсінші. «Бірақ қаржы тапшылығы ескерткішке қажетті материалдарды алуға кедергі келтіреді. Желтоқсан оқиғасының он төрт жылдығы жақындап қалған, сол кезде қалаға Қайрат Тұрлықанов әкім болып тағайындалды. Көп ұзамай жаңа әкімнің қабылдауында болып, қолбайлау болып отырған жағдайды айттым. Қайрат бауырымыз қайрат қылып, қысқа мерзімде бар мәселемізді шешіп берді. Ескерткіш ашылатын сәт те келді.
Оның қарсаңында қалаға анасының, бауырларының келгенін естідім. Түнімен анасы не айтар екен деп қобалжып ұйықтай алмадым. Шын мәнінде, маған сол сәтте анасынан басқа адамның бағасы керек емес еді. Ертеңінде елден бірнеше сағат бұрын ескерткіштің қасына барып алдым. Ашылу салтанатына жиналған жұртта есеп жоқ. Көп ұзамай ескерткіштің жамылғысы да шешілді, елдің бәрінің көзі сонда болғаны сөзсіз. Тек мен ғана Қайраттың анасынан көзімді ала алмадым. Дәметкен апайдың «құлыным, ұлым» деген зарлы дауысынан кейін, көзімнен жас ытқып кетті….
Кейін, апай мені шақырып алып алғысын айтты. «Ұлымның дәл өзі екен» деді, ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің текке өтпегенін түсіндім»…
Содан бері Семей қаласында қаһармандық батылдықтың белгісі іспеттес Қайраттың ескерткіші жанында Желтоқсан оқиғасы қарсаңында митингі өтіп, жыл он екі ай сайын жаңа шаңырақ көтерген жас жұбайлар, мерекелік шараларда мектеп оқушылары, қарапайым жұртшылық тағзым етеді. Желтоқсанның жазықсыз құрбаны Қайрат Рысқұлбековке тағзым, батырдың мәңгілік бейнесін дүниеге әкелген, сол арқылы мыңдаған қазақ жастарының рухын сомдаған талантты мүсінші Мұратбек Жанболатовқа тағзым…………..
«Айқын» газеті
С. ҚАЖЫОСПАН. Семей.
Online Qazaqstan
