Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында тарих ғылымының дамуына тоқталды.
«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз.
Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.
Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз.
Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс», — деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын атап өтті.
«Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, орынды пікірін айтты. Осы жерде айтарым: өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек.
Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ.
Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады.
Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр.
Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет», — деді Президент.
Сонымен қатар ол зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз екенін, Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуға көп көңіл бөліну қажеттігін айтты.
«Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.
Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз.
Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.
Көне заманнан келе жатқан көшпенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет.
Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін жүйелеу керек», — деді Президент.