5 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандары мен Самара ауданының тұрғындары жұмыс күнін бір сағат ерте бастайды.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша, жұмыс уақытын бір сағат бұрын ауыстыру идеясын барлық 28 ауылдық елді мекеннің тұрғыны яғни 18,4 мың адам қолдаған.
Зайсан ауданында 33 елді мекен бар, онда 35 мыңнан астам адам тұрады. Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының айтуынша, уақытты өзгерту туралы ұсынысты халық қуана қолдаған.
«Бұл шешімді қабылдамас бұрын әр ауылдық округте жиын өткіздік, тұрғындар бұл идеяны қолдады. Өйткені Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысының шығыс шекарасына ең жақын орналасқандықтан, бұл жерде күн ертерек шығады. Сондықтан жұмыс күні сағат 08:00-де басталып, 17:30-де бітсе, балалармен уақыт өткізуге мүмкіндік болады», — деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.
Оның айтуынша, бұл бастаманы халықтың бәрі, әсіресе, жұмыс күні дәстүр бойынша сағат 09:00-де басталатын мемлекеттік қызметкерлер қолдаған.
«Аудан тұрғындары таңертең үй шаруасымен айналысатындықтан, ерте тұруға дағдыланған, енді жұмыстан ертерек қайтатын болады. Бұл біз үшін өте қолайлы», — деді Зайсан ауданының тұрғыны Ризабек Шәкенұлы.
Зайсандықтардың түскі үзіліс уақыты 12:00-ден 13:30-ға дейін болады.
Зайсан ауданында тоғыз әкімшілік-аумақтық бірлік, оның ішінде Зайсан қаласы, сегіз ауылдық округ, 33 елді мекен, 35 219 адам тұрады.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді Үкіметтің қолдағанын мәлімдеген болатын.